Стенограмма заседания Мажилиса Парламента Республики Казахстан
(5 января 2006 года)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ
ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ
2006 жылғы 5 қаңтар
Отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы МҰХАМЕДЖАНОВ О.Б. жүргізді.
ТӨРАҒА. Сәлеметсіздер ме, құрметті әріптестер! Тіркеуден өтулеріңізді сұраймын.
Тиісті жиналым бар. 77 депутаттың 57-сі қатысып отыр. Мәжілістің жалпы отырысын ашық деп жариялаймын.
Құрметті әріптестер, жаңа жылымыздың 1 қаңтарында депутат Ермұханбет Омарұлы Омаров пен Зейнулла Өтежанұлы Алшымбаевтың туған күндері болып өтті. Біз ол кезде құттықтай алмадық. Ашығын айтсам, мен сіздерді таба алмадым, телефон шалып. Әріптестерімді сіздердің аттарыңыздан шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасына құт-береке, еңбектері жемісті болсын деп тілеуге рұқсат етіңіздер.
ҚОЛ ШАПАЛАҚТАУ.
ТӨРАҒА. Құрметті депутаттар, Палата Бюросы ұсынған күн тәртібі өздеріңізде бар. Қандай пікірлер болады?
ОРНЫНАН. Қолдаймыз.
ТӨРАҒА. Онда дауыс берулеріңізді сұраймын.
Нәтижесін экранға беріңіздер. Күн тәртібі бірауыздан бекітілді. 62 депутат дауыс беруге қатысып, 62 депутат жақтады.
Күн тәртібінде бүгін бір мәселе. Ол - "Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен қосымша баяндамашы және Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен комиссиясының мүшелері жөнінде. Бұл мәселе бойынша сөз Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы депутат Қадыроваға беріледі.