Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасының арасындағы
үш мемлекеттің мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің ауданы туралы
шарт
(Самарқандтқ., 2017 жылғы 10 қарашада)
ҚР 2018 жылғы 5 қарашадағы № 190-VI Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрі Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы,
өзара құрмет тұту, егеменді теңдік және аумақтық тұтастық принциптерін басшылыққа ала отырып,
үш мемлекеттің Мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің орналасқан жерін белгілеу және түйісу нүктесінің ауданындағы Мемлекеттік шекараларды делимитациялау мақсатында,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Мәртебелі Уағдаласушы Тараптар бұдан әрі түйісу нүктесі деп аталатын Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің орналасқан жерін айқындады.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы түйісу нүктесінен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мемлекеттік шекара сызығының өту сипаттамасында (2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы қазақстан-өзбек Мемлекеттік шекарасы туралы шартқа № 1 қосымша) аталған № 125 шекаралық нүктеге дейінгі қазақстан-өзбек Мемлекеттік шекарасының өту сызығын айқындады.
Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасы түйісу нүктесінен Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мемлекеттік шекара сызығының өту сипаттамасында (2000 жылғы 21 қыркүйектегі Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шартқа № 1 қосымша) аталған № 206 шекаралық нүктеге дейінгі түрікмен-өзбек Мемлекеттік шекарасының өту сызығын айқындады.