Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары
жөніндегі кеңестің Хатшылығы туралы
келісім
(Алматы қ., 2006 жыл 17 маусым)
ҚР 2007.22.02 № 233-III Заңымен ратификацияланды
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мүше мемлекеттер (бұдан әрі - АӨСШК және тиісінше мүше мемлекеттер),
2002 жылғы 4 маусымдағы АӨСШК Хатшылығын (бұдан әрі - Хатшылық) құру туралы Алматы Актісінің ережелерін іске асыру мақсатында, сондай-ақ оның функцияларын, құрылымын және қаржыландыру қағидаттарын айқындау үшін төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Жалпы ережелер
1. Осымен Хатшылық құрылады. Хатшылық өзінің функцияларын Алматы актісінде баяндалған қағидаттар мен мақсаттарға, АӨСШК-нің Рәсімдер ережесінің қағидаларына, осы Келісімге және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қаржы ережесіне сәйкес жүзеге асыратын, тұрақты түрде жұмыс істейтін орган болып табылады.
2. Хатшылық Қазақстан Республикасының Алматы қаласында орналасады (бұдан әрі - қабылдаушы тарап).
3. Хатшылықтың жұмыс тілдері ағылшын және орыс тілдері болып табылады.
2-бап. Хатшылықтың функциялары
Хатшылық өз құзыретінің шегінде:
1. Кездесулерге және Алматы актісі мен АӨСШК-нің Рәсімдер ережесінде аталған басқа да қызметтерге әкімшілік, ұйымдастырушылық және техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
2. АӨСШК құжаттарының мұрағатын құрады және оны жүргізеді.
3. Мүше мемлекеттер ұсынатын, халықаралық ұйымдар мен форумдардан алынатын құжаттар мен ақпараттың АӨСШК Сенім шаралары каталогында және АӨСШК шеңберінде қабылданған басқа да құжаттарда белгіленгендей таратылуын қамтамасыз ете отырып, оларды жинайтын, өңдейтін және тарататын (clearing-house) орталық ретінде жұмыс істейді.
4. АӨСШК туралы жалпы ақпаратты таратады.
5. Хатшылық сондай-ақ мүше мемлекеттердің арасында олардың өзара уағдаластықтары бойынша өздері ұсынған ақпарат негізінде сенім шараларын орындау жөніндегі ақпаратты ала да, тарата да алады.