Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орнына
үміткерлерді іріктеу ережелері (Қазақстан Республикасы Ішкі істер
министрлігі 1998 жылғы 22 желтоқсандағы № 459 бұйрығымен бекітілген)
(ҚР Ішкі істер министрінің 2004.01.12. № 650 бұйрығымен енгізілген
өзгерістерімен)
Осы редакция 2006 ж. 20 маусымдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1. Жалпы тәртіптер
1. Осы Ережелер жоғары оқу орындарына үміткерлерді іріктеудің шарттарын белгілейді, сондай-ақ ішкі істер органдарында, ішкі әскерлер мен жоғары оқу орындарында осы жұмыстың жүргізілу тәртібін реттейді.
2. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің жоғары оқу орындары жоғары білікті мамандармен толықтыруға жататын лауазымдарды жасақтау үшін ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің орта басшылық құрам кадрларын дайындайды.
3. Үміткерлерді оқуға іріктеу ішкі істер органдарының, салалық бөлімшелері мен кадр аппараттары жетекшілерінің маңызды міндеті болып табылады, ішкі істер органдарының қызмет тиімділігінің артуы оның сапалы түрде шешілуімен байланысты.
4. Күндізгі (сырттай) оқуға түсу үшін жіберілетін ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамының, ішкі әскерлердің қатардағы және сержанттық құрамының адамдарына оқу орны орналасқан жерге дейін және кері қайтуға темір жол көлігімен жүру шығындары оқуға жіберуші ішкі істер органдары есебінен өтеледі.
5. Күндізгі оқуға қабылдау емтихандарын тапсыру үшін оқу орындарына келген үміткерлер оқу орындарының жанындағы казармалық жағдайда тұратын болса, ақылы түрде - солдаттық азық мөлшері бойынша тамақпен қамтамасыз етіледі.
6. Қабылдау емтихандарын тапсыру уақытында талапкерлерге мекендеу шығындарының өтелуі арқылы оқу орнының жатақханасы берілуі мүмкін.
7. Жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімшелерінде тыңдаушыларды оқытудың толық курсы мерзімді әскери қызмет өткеруге теңестіріліп, ішкі істер органдарында қызмет ету өтіліне есептеледі.