Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы
ҚР Үкіметінің 2006.12.07 № 658 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Қабылданды- ҚР 2007.21.07. № 305-III Заңын қара
Осы Заң адамның өмірін, денсаулығын, тұтынушылардың мүдделерін қорғауға және Қазақстан Республикасының аумағында қоршаған ортаны қорғауға кепілдік беру үшін машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бас тарту - нәтижесінде адамның өміріне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне және қоршаған ортаға зиян келтіру қауіп-қатері туындайтын машиналар мен жабдықтар жай-күйінің жұмыс қабілетін бұзудан көрінетін оқиға;
2) дайындалған күн - машиналар мен жабдықтарды өндіру процесі аяқталған күні;
3) жабдық - машинаға орнатылатын және машинаның негізгі және (немесе) қосымша функцияларын орындау үшін қажетті, сондай-ақ оларды бірыңғай кешенге біріктіруге арналған техникалық құрылғы;
4) жүйенің жобалаушысы - жүйелерге (технологиялық желілер, өндіріс, қондырғылар) пайдалану жөніндегі жобалық құжаттаманы және нұсқаулықты әзірлейтін заңды немесе жеке тұлға;
5) қауіпті аймақ - адамның жарақат алу немесе өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қауіп-қатеріне ұшырайтын машинаның ішіндегі немесе оның айналасындағы аймақ;
6) қауіпті машиналар мен жабдық - адамның өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіпті өндірістің және машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласында қабылданған осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деп танылған машиналар немесе жабдықтар;
7) машиналардың және жабдықтардың сәйкестік туралы декларация - өндіруші айналымға шығарылатын машиналар мен жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;