Жоба
Қазақстан Республикасының
ЗAҢЫ
Мемлекеттік сатып алу туралы
(2006 ж. 20 қараша)
ҚР Үкіметінің 2006.20.11 № 1094 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-III ҚР Заңын қара
Осы Заң тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласында өздерінің қызметтерін жүзеге асыру процесінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің арасында туындайтын қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер - бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауына және өзара алмастырушы болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас компоненттерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
2) демпингтік баға - тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында көрінеу төмен баға бойынша тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер ұсынылатын конкурс қатысушысының конкурстық ұсыным бағасы;
3) жұмыстар - үйлерді, ғимараттарды және өзге де объектілерді салуға, қайта құруға, бұзуға немесе жөндеуге, шикізат кен орындарын жайластыруға байланысты кез келген жұмыстар, оның ішінде құрылыс алаңын дайындау, топырақты алу, үй-жайлар тұрғызу, жабдықтарды, материалдарды және инженерлік желілерді құрастыру, әрлеу жұмыстары, сондай-ақ егер осындай қызметтердің құны құрылыстың немесе шикізат кен орынын жайластырудың өз құнынан аспаса, мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес құрылысқа және шикізат кен орындарын жайластыруға көрсетілетін ілеспе қызметтер (бұрғылау, геодезиялық жұмыстар, спутниктік түсірімдер, сейсмикалық зерттеулер, геологиялық жұмыстар, құрылыс немесе өндіруші жабдықтарды жалға алу);
4) конкурстық комиссия - осы Заңда көзделген конкурс тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалық орган;