ҚР Қаржы министрлігі 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 468 бұйрығымен 2008 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Салық комитеті Төрағасының
2006 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 637 бұйрығымен бекітілген
Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған
декларацияны жасау ережелері
(920.00-нысан)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережелер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленген және қоса беріліп отырған нысандарды (бұдан әрі - нысандар) қамтитын бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияны жасау тәртібін қарастырады:
1) 920.00 нысаны бойынша Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация (бұдан әрі - 920.00 нысаны бойынша декларация);
2) Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияға 920.01 нысаны бойынша қосымша (бұдан әрі - 920.01 нысаны бойынша қосымша);
3) Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияға 920.02 нысаны бойынша қосымша (бұдан әрі - 920.02 нысаны бойынша қосымша).
2. 920.00 нысаны бойынша декларация шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілердің бірыңғай жер салығының, төлем көзінен салық салынатын табыстарынан жеке табыс салығының, әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарының, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударымдардың сомасын есептеуге арналған.
920.01 нысаны бойынша қосымша мынадай:
жеке меншік, тұрақты және (немесе) уақытша алғашқы жер пайдалану, құқығындағы, соның ішінде жалға берілген жер телімдері бойынша;
қайталама жер пайдалану құқығындағы барлық жер телімдері бойынша бірыңғай жер салығын есептеуге арналған.