ҚР Қаржы министрлігі 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 468 бұйрығымен 2008 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Салық комитеті Төрағасының
2006 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 637 бұйрығымен бекітілген
Корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер
сомасының есебін жасау ережелері
(101.01 - 101.04 нысандар)
1. Жалпы ережелер
1. Осы ережелер “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленген және корпорациялық табыс салығын төлеушілермен аванстық төлемдердің сомаларын есептеуге арналған корпорациялық табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есебін (бұдан әрі - Есеп) жасау тәртібін айқындайды. Есепті Салық кодексінің 120-бабы 1-тармағының шарттарына сай келетін және жалпыға белгіленген тәртіпте салық салуға жататын кірісі жоқ заңды тұлғалар, сондай-ақ Салық кодексінің 121-бабы 1 және 2-тармақтарында белгіленген шарттарға сай келетін заңды тұлғалар толтырмайды.
2. Есепті жасау кезінде:
1) қағаз тасығышта - қара немесе көк сиялы қалам немесе қаламұшпен, баспа әріптермен немесе баспа құрылғысын пайдалана отырып толтырылады;
2) электрондық тасығышта - Салық кодексінің 69-бабына сәйкес толтырылады.
3. Есепті толтыру кезінде түзетуге, өшіруге және тазалауға жол берілмейді.
4. Көрсеткіштер жоқ болған кезде тиісті торкөздер толтырылмайды.
5. Есепті беру кезінде:
1) қағаз тасығышта келу тәртібімен екі данада жасалады, бір данасы салық органының белгісімен салық төлеушіге қайтарылады;
2) тапсырысты хатпен почта бойынша - салық төлеуші почта немесе байланыстың өзге ұйымының хабарламасын алады;
3) Салық кодексінің 69-бабындағы 8-тармақтың 3) тармақшасына сәйкес келу тәртібімен немесе электрондық почта бойынша электрондық түрде салық төлеуші Есепті жеткізу туралы хабарламаны салық органында немесе электрондық почта бойынша алады.
6. Есепке Салық кодексінің 69-бабына сәйкес қол қойылады және куәландырылады.
2. Есепті жасау (101.01 - нысан)