Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларына түсіндірме
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 1, 2, 3, 4 нормативтік қаулыларына түсіндірме
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен 2007 жылғы 11 мамырда «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы», «Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы», «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулылар қабылданды.
Нормативтік қаулылардың негізгі мақсаты - заңдарды қолдануда біркелкілікті қалыптастыру және нормативтік қаулылардың республиканың қылмыстық заңдарының өзгерістеріне сәйкестігін қамтамасыз ету.
«Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» нормативтік қаулыда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабымен (адам өлтіру) қарастырылған қылмыстарды саралау бойынша мәселелерге түсініктемелер беріледі, сондай-ақ осы аса ауыр қылмысқа қатысушылардың қатысуы мен жауаптылығы, жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру, абайсызда кісі өлтіруді, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіруді қасақана адам өлтіруден ажырату мәселелері қарастырылады.
Нормативтік қаулыда адам өлтірудің саралау құрамдарын анықтаудың нақты белгілері көрсетілген, адам өлтіру мен басқа қылмыстардың жиынтығы кезінде саралауға түсіндірмелер беріледі.