Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2007 жылғы 30 қарашадағы
№ 289-ө бұйрығына
2-қосымша
Оралман мәртебесін беру және тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік қызмет көрсетудің осы стандарты (бұдан әрі - Стандарт) оралман мәртебесін беру және тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) тәртібін айқындайды.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны ішінара автоматтандырылған.
3. Мемлекеттік қызмет «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Заңы мен «Оралман мәртебесін беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 224-ө (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2007 жылғы 10 қазанда № 4964 тіркелген) бұйрығының негізінде жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызмет оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне (бұдан әрі - тұтынушылар) көрсетіледі.
5. Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің аумақтық органдары (бұдан әрі - аумақтық орган) тұтынушының тұратын жері бойынша аумақтық органының ғимаратында көрсетеді.
6. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің аяқталу нысаны оралман куәлігін беру болып табылады.
7. Мемлекеттік қызметті көрсету кезіндегі уақыт бойынша шектеу мерзімдері:
1) мемлекеттік қызмет тұтынушы қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап, аумақтық органда тіркелген күнінен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылады;
2) қажетті құжаттарды тапсыру кезінде кезекте күтудің ең жоғары шекті уақыты бір адамға қызмет көрсетуге 15-30 минуттан есептелгенде кезектегі адамдардың санына байланысты болады.
8. Мемлекеттік қызмет ақысыз көрсетіледі.