Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 13 қарашадағы
№ 1053 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау мен олардың айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісім
(2008 жылғы 13 қараша)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымы ауқымының артуына байланысты алаңдаушылық білдіре отырып,
атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғылар қылмыс жасау үшін жиі пайдаланылатынын атап өте отырып,
атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымы трансұлттық сипатқа ие болғанын және оларға қарсы күрес халықаралық қоғамдастық шеңберінде өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестіруді қажет ететінін мойындай отырып,
атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды заңсыз дайындау және олардың айналымына қарсы тиімді күрес жүргізудің бірлескен талпынысын ескере отырып,
Тараптар қатысушысы болып табылатын осы саладағы халықаралық шарттарды, сондай-ақ ұлттық заңнаманы басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде санамаланған ұғымдар мынаны білдіреді:
«оқ-дәрілер» - нысананы зақымдауға арналған және жарылатын, лақтырылатын, пиротехникалық немесе сындырғыш зарядтардан тұратын қару-жарақ заттары және лақтырылатын жарақ не олардың тіркесі;
«жарылғыш зат» - үлкен көлемде жылу және газ тәріздес өнімдер бөле отырып, сыртқы әсерлердің ықпалынан өз бетінше жылдам таралуға қабілетті химиялық құбылысқа (жарылысқа) конденсациялаған химиялық зат немесе заттардың қоспасы;