Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Әскери зираттар туралы
келісім
(Астана қ., 2010 жылғы 30 наурызда)
ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 17 мамырдағы № 529 Қаулысымен бекітілді
2011 жылғы 6 шілдеде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі,
екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту және өзара түсіністікті нығайту арқылы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту ниетін басшылыққа ала отырып,
бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстар уақытында жауынгерлік іс-қимылдар барысында, тұтқында болғанда қаза тапқан немесе олардың зардаптарының нәтижесінде, оның ішінде соғыстан кейінгі уақытта қайтыс болған әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғаларды мәңгілік есте сақтау құқығын қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып,
халықаралық гуманитарлық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларына және, атап айтқанда, 1949 жылғы 12 тамыздағы Соғыс құрбандарын қорғау туралы Женева конвенциялары мен 1977 жылғы 8 маусымдағы оларға Қосымша хаттамалардың ережелеріне сәйкес,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Терминдердің анықтамалары
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
1. «Қазақстандық соғыс құрбандары»:
1) қазақстандық тегі болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында туған немесе тұрған, Ресей империясының немесе Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының қарулы күштерінің құрамына енген, бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстар барысында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінде қайтыс болған, қазіргі Словак Республикасының аумағында жерленген адамдар;
2) қазақстандық тегі болған, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағында туған немесе тұрған, бірінші немесе екінші дүниежүзілік соғыстар барысында қаза тапқан немесе оның зардаптарының нәтижесінен қайтыс болған, қазіргі Словак Республикасының аумағында жерленген әскери тұтқындар немесе азаматтық тұлғалар.