2010 жылғы көшіп келу квотасы бойынша Жамбыл облысына келетін оралмандарды қабылдау мен
орналастыруды ұйымдастыру туралы
Жамбыл облысы әкімдігінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 116 Қаулысы
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Заңына және «Оралмандардың 2009-2011 жылдарға арналған көшіп келу квотасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 17 қарашадағы № 690 Жарлығына сәйкес және «Оралмандардың 2010 жылға арналған көшіп келу квотасын бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 5 ақпандағы № 74 Қаулысын іске асыру мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2010 жылға арналған оралмандардың көшіп келу квотасы бойынша шет елдерден Жамбыл облысына көшіп келетін 1840 оралман отбасылары аудандар мен Тараз қаласына қоныстандырылсын.
2. «Көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесіне (келісім бойынша) оралмандарды қабылдауды, оларға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес үй-жай алуға, біржолғы жәрдемақылар төлеуге және көлік шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен төлемдер төлеуді қамтамасыз ету ұсынылсын.
3. Аудандар мен Тараз қаласы әкімдері оралмандар отбасыларын елді мекендерге орналастыруды қамтамасыз етсін, қажет болған жағдайда оларға тұрғын үй салу және шаруа қожалықтарын ұйымдастыру үшін жер телімдерін бөліп, оралмандарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптерге даярлау мен қайта даярлауды, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуды ұйымдастырсын.
4. «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысының Ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесіне (келісім бойынша) оралмандарды қабылдау кезінде, жол жүріп келе жатқанда және облыс аумағындағы тұрғылықты жерінде жеке басы мен мүліктік қауіпсіздігін, заңда белгіленген тәртіппен уақтылы тіркеуді және орналасқан жерінде тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға рұқсат беретін қажетті құжаттардың берілуін қамтамасыз ету ұсынылсын.