Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктері туралы
Келісім
(Санк-Петербург қ., 2010ж. 18 маусымда)
2018 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 318-ІV Заңымен ратификацияланды
2011 жылғы 3 маусымда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
кеден одағының кедендік шекарасы арқылы халықаралық почта жөнелтімдерімен өткізілетін, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттер арасында жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялар мен кедендік бақылауды оңайлату мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім кеден одагының кедендік аумағына келген, осы аумақтан кеткен кезде, сондай-ақ кедендік транзиттің кедендік режиміне орналастырған кезде жасалатын халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операциялардың ерекшеліктерін айқындайды.
Осы Келісім кеден одағының кедендік шекарасы арқылы дипломатиялық почтаны және консулдық вализаны өткізу мәселелерін реттемейді.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
а) депеша - пломба салынған немесе онсыз почта жөнелтімдері және (немесе) Дүниежүзілік почта одагына мүше елдердің почта қызметтерінің халықаралық почта алмасу орындары (мекемелері) алмасатын ыдыс салынған заттаңбасы бар қап немесе бірнеше қап пен басқа ыдыстар;
б) одақішілік почта жөнелтімдері - бір кеден одағына мүше мемлекеттен екінші кеден одағына мүше мемлекетке, оның ішінде кеден одағына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы жіберілетін почта жөнелтімдері;