Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы
келісім
(Астана қ., 2010 жылғы 7 қазанда)
ҚР 2015 жылғы 18 қарашадағы № 409-V Заңымен ратификацияланды
2015 жылғы 7 желтоқсанда күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі,
өз аумақтарында өз мемлекеттері азаматтарының капиталды, технологиялар мен білімдерді инвестициялауын көтермелеуге ниет білдіре отырып;
өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолдауға ниет білдіре отырып;
инвестицияларды көтермелеу және қорғау кәсіпкерлік қызметтің одан әрі дамуына ықпал етіп, сол арқылы Тараптар арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына айтарлықтай ықпал етеді деп үміттене отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. «Инвестициялар» термині бір Тараптың инвесторы екінші Тараптың аумағында соңғы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрған немесе сатып алған активтердің кез келген түрін білдіреді және, атап айтқанда, бірақ тек бұларды емес, мыналарды:
а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен кепілге салу, кепілге қою, кепілгерлік, узуфрукт сияқты басқа да мүліктік құқықтар мен басқа да құқықтарды;
b) кәсіпорындарға қатысу үлестерін;
с) облигациялар мен акцияларды, сондай-ақ құнды қағаздардың басқа да түрлерін;
d) ақшалай талаптарды немесе ұлттық заңнамаға сәйкес экономикалық құндылығы бар жұмыстарды кез келген орындауды;
е) зияткерлік меншік құқықтарын (авторлық және сабақтас құқықтар, патенттер, өнеркәсіптік үлгілер немесе модельдер, тауар белгілері сияқты), сондай-ақ гуд-виллді, техникалық үдерістер мен ноу-хауды;
f) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұсынылған концессияларды қамтиды.
Активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның өзгеруі олардың инвестиция ретіндегі сипатын қозғамауға тиіс.