Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Еркін сауда туралы
келісім
(Астана қ. 2010 жылғы 7 қазанда)
ҚР 2011 жылғы 30 қарашадағы № 504-ІV Заңымен ратификацияланды
2012 жылғы 10 қаңтарда күшіне енді
Бұдан әрі Уағдаласушы тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі,
сауда-экономикалық өзара ынтымақтастықты еркін дамытуға және тереңдетуге ұмтыла отырып,
сауда-экономикалық қатынастардың негізі ретінде нарықтық экономика қағидаттарын ұстанатындарын растай отырып,
өздерінің өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарға белсенді қатысуы, оны өрістетуді көтермелеу ниетін растай отырып,
Уағдаласушы тараптардың әрбір мемлекетінде қолданыстағы ұлттық заңнамаға және Дүниежүзілік сауда ұйымының (бұдан әрі - ДСҰ) қағидаларына сәйкес тауарлар мен капиталдың еркін қозғалысы үшін қажетті жағдайлар жасай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мақсаттары
Мыналар:
екі мемлекеттің экономикалық дамуын жеделдетуге, өз азаматтарының тұрмыс және еңбек жағдайларын жақсартуға, өндіріс саласында халықты жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, екі Уағдаласушы тарап мемлекеттерінің өндірістік және қаржылық тұрақтылығына қол жеткізуге бағытталған өзара сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту және ынталандыру;
екі Уағдаласушы тарап мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы адал бәсеке үшін жағдайларды қамтамасыз ету осы Келісімнің мақсаттары болып табылады.
2-бап
Еркін сауда режимі
Уағдаласушы тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, осы Келісімнің ережелеріне және ДСҰ-ның қағидаттарына сәйкес тауарлармен өзара саудада еркін сауда режимін белгілейді.
Уағдаласушы тараптардың бірі мемлекетінің аумағынан шығарылатын және екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына арналған тауарларды әкелуге Уағдаласушы тараптар кедендік баждарды, кедендік баждарға барабар әрекеті бар салықтар мен алымдарды қолданбайды және қолданбайтын болады.