Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Микроқаржы ұйымдары туралы
ҚР 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 11 қаңтардағы № 20 Қаулысымен ҚР Парламентінің қарауына енгізілді
Осы Заң микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді, микроқаржы ұйымдарының құқықтық жағдайының, олардың құрылуының, қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарын реттеудің, бақылаудың және қадағалаудың ерекшеліктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кредиттік дерекнама - микроқаржы ұйымы әрбір қарыз алушыға қалыптастыратын, микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес берілген құжаттар мен мәліметтер;
2) қарыз алушы - микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
3) мақсатты микрокредит - қарыз алушыға микрокредит беру туралы жасалған шартқа сәйкес белгілі бір мақсаттарға пайдалану шарттарымен берілген микрокредит;
4) микрокредит - микроқаржы ұйымы қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртіпте ақылылық, жеделділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен беретін ақша;
5) микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу (бұдан әрі - есептік тіркеу) - осы Заңның 14-бабына сәйкес микроқаржы ұйымын микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосу;
6) микроқаржы ұйымдарының тізілімі - жүргізілуін уәкілетті орган жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдарының бірыңғай тізбесі;
7) микроқаржы ұйымы - коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтумен айқындалатын, микрокредиттер беру жөніндегі қызметті, сондай-ақ осы Заңмен рұқсат етілген қызметтің қосымша түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;
8) өтініш беруші - микроқаржы ұйымына микрокредит алуға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;