ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 7 қыркүйектегі № 754 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы 11 наурыздағы
№ 309 Қаулысымен
бекітілген
«Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) жолаушыларды, тамақ өнімдерін, азық-түлік шикізатын, шаруашылық-ауыз суды, радиоактивті, қауіпті, химиялық және уытты заттарды тасымалдау үшін қолданылатын көлік (теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе) құралдарын (бұдан әрі - көлік құралдары) күтіп-ұстау мен пайдалануға, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
2. Пайдалануға беру кезінде көлік құралына осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкестігіне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беріледі.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобиль көлік құралы (бұдан әрі - автокөлік құралы) - құрамы автобустарды, шағын автобустарды, жеңіл және жүк автомобильдерін, автомобиль тіркемелерін, ершікті тартқыштарға жартылай тіркемелерді, сондай-ақ мамандандырылған автомобильдерді (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) және арнайы автомобильдерді (әртүрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындауға арналған) қамтитын автомобиль көлігінің жылжымалы құрам бірлігі;