Қостанай облысы әкімдігінің 2013 жылғы 20 қарашадағы № 508 Қаулысымен күші жойылды
Қостанай облысы әкімдігінің
2012 жылғы 21 маусымдағы
№ 292 Қаулысымен бекітілді
«Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою»
мемлекеттік қызмет көрсету регламентi
1. Жалпы ережелер
1. «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою» мемлекеттік қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) тұрғылықты жері бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері (бұдан әрі - уәкілетті орган) көрсетеді.
2. Мемлекеттік қызмет «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 15-бабына, «Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 қаулысымен бекітілген «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою» мемлекеттік қызмет стандартына (бұдан әрі - Стандарт) сәйкес көрсетіледі.
3. Осы мемлекеттік қызмет көрсету регламентінде (бұдан әрі - Регламент) мынадай термин пайдаланылады: тұтынушы - Стандарттың 6-тармағында көрсетілген жеке тұлға.
4. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.
5. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі электронды түрде жұмыссыз ретінде тіркеу және есепке қою не қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап болып табылады.
2. Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптар
6. Мемлекеттік қызметті көрсетудің тәртібі және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру үлгілері уәкілетті органдардың стенділерінде, ресми ақпарат көздерінде, интернет-ресурстарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің http:/www.enbek.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Уәкілетті органның жұмыс кестесі: демалыс (сенбі, жексенбі) және мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзіліспен күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.