Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
шарт
(Астана қаласы, 2013 жылғы 8 қарашада)
ҚР 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 260-V Заңымен ратификацияланды
2015 жылғы 26 қыркүйекте күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы,
сотталған адамдарды беру саласында олардың оңалтылуына және қоғамдық өмірге оралуына ықпал ету мақсатында екі мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
қылмыс жасау салдарынан бас бостандығынан айырылған шетелдіктер жазасын өздері шыққан қоғамдық ортада өтей алатындығын белгілейтін екіжақты шартты жасасу жолымен осы мақсатқа қол жеткізуге болатындығын пайымдай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Анықтамалар
Осы Шарттың мақсаттары үшін анықтамалар мынадай мағынаны білдіреді:
а) «үкім» - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығын айыру түріндегі жазалауды көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;
b) «сотталған адам» - өзіне қатысты айыптау үкімі шығарылған адам;
с) «үкім шығарушы Тарап» - берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты айыптау үкімі шығарылған мемлекет;
d) «үкімді орындаушы Тарап» - үкімді орындау үшін сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген мемлекет.
2-бап
Жалпы қағидаттар
1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес сотталған адамдарды беру саласында жан-жақты ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптардың бірінің (үкім шығарушы Тараптың) аумағында сотталған адам екінші Тараптың (үкімді орындаушы Тараптың) аумағына жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін./
3. Осы Шарт Тараптардың заңнамаларына сәйкес арнайы қарым-қатынас қолдануға болатын кәмелетке толмағандарға қатысты қолданылатын болады.
3-бап
Орталық органдар
1. Тараптар осы Шарт мақсатында бір-бірімен өзара іс-қимыл
жасайды және сұрау салумен құжаттарды беруді осы баптың 2-тармағында
айқындалған, осы үшін арналған орталық органдар арқылы тікелей жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура және Италия
Республикасы үшін Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.