Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолияның Үкіметі арасындағы әлеуметтiк
қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы
келiсiм
(Ұлаанбатор қ., 1993 жылы 22 қазанда)
ҚР Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 20 шiлдедегі № 823 Қаулысымен бекітілді
ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 8 сәуірдегі № 327 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Монғолия Үкіметі /бұдан әрi «Уағдаласушы Тараптар» деп аталады/,
екi мемлекет арасындағы әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және тереңдету ниетiн басшылыққа ала отырып,
төмендегi жайында келiстi:
БIРIНШI ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
I - бап
1. Осы Келісім әлеуметтiк сақтандырудың және әлеуметтiк қамқорлық жасаудың барлық түрiне қатысты, ол Уағдаласушы Тараптардың заңдарымен реттеледi және реттелiп отыратын болады.
2. Осы Келісім бойынша науқастанған, ауру адамға күтiм жасаған жағдайда, жүктiлiгiне, босануына, балаға күтiм жасауына, қарттығына, мүгедектiгiне байланысты, сондай-ақ асыраушысынан айырылған және Уағдаласушы Тараптардың заңдарында көзделген басқа жағдайларда берiлетiн зейнетақы және жәрдемақының барлық түрi әлеуметтiк сақтандыру мен әлеуметтiк қамқорлық жасауға /бұдан былай әлеуметтiк қамсыздандыру деп аталады/ жатады.
3. Белгiлi бiр мерзiмге жұмысқа орналасуға рұқсаты бар адамдар осы Келісімнiң ұғымында «ұзақ мерзiмдi еңбек келісімi бойынша жұмыс iстейтiндер» деген терминмен аталады, ал «тұрақты тұратындар» деп тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдар аталады.
4. Ұзақ мерзiмге жасасқан еңбек келісімiмен жұмыс iстейтiн және екi мемлекеттiң аумағында тұрақты тұратын азаматтарды әлеуметтiк қамсыздандыруға байланысты қарым-қатынастар осы Келісіммен реттелiп отырады.
2 - бап
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы егер Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын арнайы келісімдерде немесе өзге халықаралық келісімдерде басқадай көзделмесе, жұмыс iстеуге және көшiп келген азаматтарға өз мемлекетiнiң азаматтарына көрсетiлетiн қамсыздандыру қызметтерiн көрсететiн болады.
2. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында жұмыс iстейтiн дипломатиялық, консулдық және сауда өкiлдерiнiң мемлекеттік, шаруашылық ұйымдар және бiрлескен кәсiпорындар мен өзге ұйымдардың қызметкерлерiн және олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерiн бұл Келісім реттемейдi.
ЕКIНШI ТАРАУ
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
3 - бап
АТҚАРУ ОРГАНДАРЫ
1. Екiншi Тараптың аумағында еңбекке орналасуға және көшiп келiп тұруға рұқсат алған азаматтарды әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерiнiң орындалу тәртібі егер Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын арнайы келісімдерде немесе өзге халықаралық келісімдерде басқадай көзделмесе сол көшiп келген жақтың заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Келісімнiң ережесін жүзеге асыру жөніндегі шараларды ұйымдастыру құқы мен оның орындалуына бақылау жасау мiндетi бiр жағынан Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлігіне және екiншi жағынан Монғолияның Халық саясаты және еңбек мәселесi жөніндегі министрлігіне жүктеледi, бұдан әрi «Тараптардың уәкiлдiк алған органдары» деп аталады.
4 - бап
1. Зейнетақы және жәрдемақы тағайындауда еңбек стажы толығымен, Уағдаласушы Тараптардың қолданыста жүрген заңдарына сәйкес екi тараптың аумағында ие болған еңбек сiңiрген жылдары үшiн жеңiлдiктi зейнетақы алуға құқық беретiн еңбек стажы да есептеледi.
2. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында жинақталған еңбек стажын Уағдаласушы Тараптардың құзiреттi органдары растатуға тиiс.
5 - бап
ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ БАРЫСЫНДА ЕҢБЕКАҚЫНЫ
ЕСЕПТЕУ ТӘРТIБI
1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Тараптардың аумағына ұзақ мерзiмдi еңбек келісімi бойынша келген және тұрақты тұрып жатқан, қоныс аударғаннан кейiн жұмыс iстеген азаматтары үшiн зейнетақы мөлшерi қоныс аударғаннан кейiнгi жұмысы бойынша алған еңбекақысынан есептеледi.
2. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына ұзақ мерзiмдi еңбек келісімi бойынша келген және тұрақты тұрып жатқан, қоныс аударғаннан кейiн жұмыс iстемеген азаматтары үшiн зейнетақы мөлшерi белгiленген тәртiп бойынша қызметкердiң келген елiнде зейнетақы тағайындау барысында мамандығына ұқсас қызметтегi iс жүзiнде тапқан орташа айлық табысынан есептеледi.
6 - бап
ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ
1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында тұратын зейнеткерге сол елдiң құзiреттi органдары оның зейнетақы тағайындау үшiн берген өтiнiшi және екiншi Уағдаласушы Тараптың құзiреттi органдары берген анықтама негiзiнде қайтадан тағайындайды. Зейнеткер Уағдаласушы Тараптардың қайсысының аумағында тұрса зейнетақы сол елдiң заңына сәйкес тағайындалады. Анықтаманы беру нысаны мен тәртібі Уағдаласушы Тараптардың құзiреттi органдарымен келісіледi.
2. Зейнеткердi қабылдаған жақтың құзiреттi органдары зейнетақыны ол көшiп келгеннен кейiнгi келесi айдан бастап төлейдi.
3. Көшiп келген елде талап етiлетiн зейнеткерлiк жасы, жұмыс стажы және басқа шарттары сәйкес келмеген жағдайда қабылдаған жақтың құзiреттi органдары зейнетақыны өз заңы бойынша тағайындап, төлейдi.
7 - бап
ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ
1. Әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жәрдемақыны, соның iшiнде жұмысқа уақытша жарамсыздығына, жүктiлiгiне және босануына байланысты берiлетiн жәрдемақыны, балаларға, көп балалы аналарға берiлетiн жәрдемақыны егер Уағдаласушы Тараптардың келісімiмен басқадай көзделмесе сол көшiп келген елдiң заңына сәйкес сол елдiң құзiреттi органдары тағайындап, төлейдi.
2. Көшiп келген елдiң құзыреттi органдары бұрын жәрдемақы алып келген қоныс аударушы азаматтарға жәрдемақыны өзiнiң заңына сәйкес қайтадан тағайындап, төлейдi.
8 - бап
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУДЫҢ БАСҚА ТҮРЛЕРI
Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында ұзақ мерзiмдi еңбек келісімi бойынша жұмыс iстеп жатқан және тұрақты тұрып жатқан азаматтарына сол көшiп келген елдiң құзiреттi органдары өз азаматтарына көрсететiн мөлшерде қажетiнше көмек берiп, қамтамасыз етедi. Бұл сондай-ақ қарттар мен мүгедектердi интернат-үйлерге орналастыруға, қарттар мен мүгедектерге, жетiм балаларға көрсетiлетiн жеңiлдiктердiң барлық түрiне протез жасатуға және көмек пен қызмет көрсетудiң басқа да түрлерiне де қатысты.
9 - бап
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА ЖҰМСАЛАТЫН ШЫҒЫНДАР
Осы Келісім бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруды жүзеге асыруға байланысты жұмсалатын шығындардың бәрiне өз аумағында сол немесе басқа азамат тұратын Уағдаласушы Тарап жауап бередi және Уағдаласушы Тараптар есеп айырыспайды.
10 - бап
ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ӨЗАРА ҚАТЫНАС ЖАСАУ ТӘРТIБI
1. Уағдаласушы Тараптар қамсыздандыруды жүзеге асыруға байланысты барлық мәселелер бойынша ынтымақтастықта жұмыс iстейдi.
2. Осы мақсатта Уағдаласушы Тараптардың құзiреттi органдары жұмыс тәжiрибесiмен алмасатын болады, өз мемлекеттеріндегі әлеуметтiк қамсыздандыру саласында қолданылып жүрген заң туралы, оған өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы бiр-бiрiн хабардар етiп отырады.
3. Уағдаласушы Тараптардың құзiреттi органдары өз елiнде әлеуметтiк қамсыздандыру жүзеге асырып отырған көлемде бiр-бiрiне тегiн құқықтық көмек көрсететiн болады. Аталған органдар зейнетақы және жәрдемақы тағайындау кезiнде зор мәнi бар жағдайлар туралы қажеттi хабарларды бiр-бiрiне берiп тұратын, сондай-ақ осы жағдайларды белгiлеуге қажеттi шараларды қабылдайтын болады.
4. Осы Келісімдi жүзеге асыру кезiнде Тараптардың құзiреттi органдары өздерiнiң ұйымдары арқылы бiр-бiрiмен байланысып тұрады, ал олардың атауларын Уағдаласушы Тараптар осы Келісім күшiне енгеннен кейiн өзара хабарлайды.
11 - бап
1. Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң аумағында белгiленген үлгiде берiлген немесе құзiреттi орган куәландырған құжат екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында ресмилендiрiлмей-ақ қабылданады.
2. Уағдаласушы Тараптардың дипломатиялық және консулдық өкiлдiктерiнiң қызметкерлерi ешқандай сенiмхатсыз-ақ тiкелей немесе осыған уәкiлдiк алған адамдар арқылы осы келісімнен туындаған iстiң бәрiн өз мемлекетiнiң азаматы атынан жүргiзуiне және егер мүдделi адам сенiм жүктемеген адамға iсiн жүргiзудi тапсырмаған жағдайда басқа мемлекеттiң құзiреттi органдары алдына азаматты ұсынуға құқы бар.
ТӨРТIНШI ТАРАУ
12 - бап
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарына қарастырылған тиiстi заңды процедуралардың орындалғаны туралы соңғы мәлiмдеменi алған соң 30 күннен кейiн күшiне енедi.
2. Осы Келісім 5 жыл мерзiмге жасалады және егер Уағдаласушы Тараптың бiрi өзiнiң оны бұзғысы келетiн ниетi туралы екiншi Уағдаласушы Тарапқа тиiстi мерзiмi бiткенге дейiн 6 ай бұрын жазбаша мәлiмдемесе әрбiр ретте келесi бесжылдық мерзiмге өзiнен-өзi ұзартылатын болады.
3. Осы Келісімнiң ережелерiне сәйкес туындаған құқықтар Келісім бұзылған күнде де өз күшiн жоғалтпайды.
Уланбаатор қаласында 1993 жылы 22 қазанда екi данада, әрқайсысы қазақ және монғол тiлдерiнде жасалады, сондай-ақ екi текстiң күшi бiрдей.
| Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан | Монғолияның Үкіметі атынан |