ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2016.27.05. № 239 бұйрығымен (бұр.ред.қара); 2023.28.07. № 277 бұйрығымен (2023 ж. 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-қосымша жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2014 жылғы 10 қазандағы
№ 3-3/517 бұйрығына
2-қосымша
Өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара малды бонитирлеу жөніндегі
нұсқаулық
(2026.16.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара малды бонитирлеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара малға бонитирлеу жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Етті бағыттағы ірі қара малды бонитирлеуді бонитерлер (сыныптаушылар) жүргізеді.
2-тарау. Өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара малға бонитирлеу жүргізу тәртібі
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2026.30.04. № 166 бұйрығымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 16 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара малды бонитирлеу жыл сайын барлық шаруашылықтарда, олардың меншік және шаруашылық нысандарына қарамастан, тамыз айынан қазан айына дейін (аймаққа және жануарлардың жай-күйіне байланысты) жүргізіледі.
«Асыл тұқымдық өнім (материал) мәртебесін беру (тоқтата тұру, күшін жою) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 3-3/1084 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12897 болып тіркелген) сәйкес тиісті республикалық палата берген асыл тұқымды жануар мәртебесі бар өнімділіктің етті бағытындағы ірі қара мал бонитирлеуге жатады.
Асыл тұқымды жануар мәртебесі жоқ ірі қара мал иелерінің қалауы бойынша бонитирленеді.
Алты айға дейінгі төлдер, бордақыдағы жануарлар, өгіздер және піштірілген жануарлар бонитирлеуге жатпайды.