Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 4 Нормативтік қаулысы
(2018.20.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2020 жылғы 11 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Жоғарғы Сотының 2018.20.04. № 8 Нормативтік қаулысымен бүкіл мәтін бойынша «ҚК» деген сөз «ҚК-нің» деген сөздермен ауыстырылды (бұр.ред.қара)
Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстық істерді тергеуде және қарауда біркелкілікті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы, қаулы етеді:
1. Зорлау деп әйел жынысты адаммен оның еркіне қарсы немесе еркінен тыс, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып табиғи нысанда жасалған жыныстық қатынасты түсіну керек.
Әйел немесе еркек жынысты адамға табиғи емес нысанда жасалған жыныстық құштарлықты қанағаттандыруды (еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы және т.с.с.) өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері деп түсіну керек.
2. Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін саралау кезінде жәбірленушінің моральдық келбеті, әлеуметтік мәртебесі, мінез-құлқы, кінәлі адамның және жәбірленушінің бұрынғы өзара қарым-қатынастары маңызды емес.
ҚР Жоғарғы Сотының 2014.24.12. № 4 Нормативтік қаулысымен (бұр.ред.қара); 2018.20.04. № 8 Нормативтік қаулысымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Күш қолдану деп жәбірленушінің қарсылығын басуға бағытталған, мысалы, ұрып-соғу, тыныс алу жолдарын қысып жабу, аяқ-қолдарын ұстап жібермеу, киімін жырту, және с.с. әрекеттер жасауды түсіну керек.