Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
«Өнеркәсіп объектілеріне қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларын бекіту туралы»
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 236 бұйрығына
4-қосымша
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 ақпандағы № ҚР ДСМ-13 бұйрығымен күші жойылды
«Мұнай операцияларын жүзеге асыратын технологиялық және қосалқы
объектілер мен құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. «Мұнай операцияларын жүзеге асыратын технологиялық және қосалқы объектілер мен құрылыстарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық кағидалар (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар), Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 144-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген, қызметі мұнай операцияларын жүзеге асыратын объектілер мен құрылыстарды, сондай-ақ мұнай операцияларымен (жасанды аралдармен, эстакадалармен, бұрғылау платформалармен, дамбалармен және жүзгіш бұрғылау қондырғылармен - ЖБҚ) байланысты өзге теңіз құрылыстарын жобалаумен, реконструкциялаумен, пайдаланумен байланысты жеке және заңды тұлғаларға арналған.
2. Гигиеналық крийтерилер бойынша мұнай өнеркәсібі объектілеріне мынадай негізгі өндірістер мен жұмыс түрлері жатады:
1) мұнаралық құрылыстар (бұрғылау қондырғыларының құрылысы);
2) барлау жүргізетін және пайдаланатын мұнай ұңғымаларын бұрғылау;
3) мұнай кенорындарын пайдалану (өндіру, мұнайды алғашқы және кешенді өңдеу, қосымша газды өндіру);
4) ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу;
5) ұңғымаларды сынақтан өткізу және игеру;
6) тығындау жұмыстары.
3. Осы Санитариялық кағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылды:
1) атмосфераның жерге жақын қабаты - жердің бетінен бірнеше он метрлік биіктіктегі атмосфераның шекаралық қабатының бөлігі;