Соттардың мұрагерлiк туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 Қаулысы
Осы редакция 2017 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мұрагерлік туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулыетеді:
1. Мұрагерлік туралы істер бойынша дауларды шешкен кезде соттар мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуы тиіс.
Мұрагерлік жөніндегі қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1042-бабына сәйкес мұра қалдырушының қайтыс болған күнi, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi күшiне енген күн не сот шешімінде қайтыс болған деп белгіленген күн мұраның ашылу уақыты болып танылады. Егер бiрiнен кейiн бiрi мұрагер болуы мүмкін азаматтар бiр мезгілде немесе бір күнтізбелік тәулікте, бірақ түрлі сағатта қайтыс болса, онда олар бірінен кейін бірі мұрагер болмайды және мұрагерлiкке олардың әрқайсысының мұрагерлері шақырылады.
3. Мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi мұраның ашылу орны болып табылады.
АК-нің 16-бабына сәйкес азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады. «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулысына сәйкес, азаматтарды тіркеу тұрақты тұратын орны бойынша жүзеге асырылады. Әдетте, мұра қалдырушының соңғы тұрған жері тұрақты тұрған жеріне сәйкес келеді.