Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 2 Нормативтік қаулысы
Осы редакция 2017 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы қылмыстық заңдарының өзгеруіне байланысты, қажетті қорғану туралы қылмыстық заңдарды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қажетті қорғану - әр адамның өміріне, денсаулығына, мүлкіне, тұрғын үйіне, меншігіне және басқа да заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне қоғамға қауіпті қол сұғушылықтардан қорғануға ажырамас конституциялық құқығы болып табылады. Осыған байланысты қаза келтіру не денсаулығына зиян келтіру бойынша істерді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 32-бабының қажетті қорғаныс және оның шектері туралы ережелеріне сүйене отырып, мақсат, себеп, кінә нысанын, қылмыстың жасалу тәсілін және әрекетті дұрыс саралауға қажетті басқа да мән-жайларды мұқият анықтау керек.
2. Барлық адамдардың кәсіби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына, жынысына, жасына және басқа да жағдайларға қарамастан тең дәрежеде қажетті қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға заңмен қорғалатын қандай объектіге қоғамға қауіпті қол сұғушылық жасалғанына, ол объект қорғанушының өзіне немесе басқа адамдарға тиесілі екендігіне, сондай-ақ қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіну мүмкіндігіне қарамастан тиесілі болып табылады.