26.07.2024
Мемлекеттік қызметшілердің этикасы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік - қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық - өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік - жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық - жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық - азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану - мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезінде төрешілдік көріністеріне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс.
Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірместен, дұрыс нысанда жүргізуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
бас маман- сот отырысының хатшысы А.М. Бұлұмбаева