Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 11 ақпандағы
№ ҚР ДСМ -13 бұйрығына 2-қосымша
Осы редакция 2023 жылғы 5 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Көмір өнеркәсібі объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жығы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережесіне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес әзірленген және объектілерді салу үшін жер учаскесін таңдауға, көмір өнеркәсібі объектілері өндірістік үй-жайларын, ғимараттарын және құрылыстарын күтіп-ұстауға және пайдалануға, еңбек жағдайларына, тұрмыстық қызмет көрсетуге, медициналық қамтамасыз етуге және тамақтануға, сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге және ауа баптауға, адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына және өндірістік бақылауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды анықтайды.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылды:
1) анкерлеу - арнайы бөлшектермен (металл, темір бетон, ағаш өзектер) машиналар мен құрылыстардың бөліктерін бекіту;
2) байыту фабрикасы - техникалық құнды немесе кейін қайта өңдеуге жарамды өнімдерді алуға арналған минералды шикізатты алғашқы өңдеуден өткізетін объект;
3) брикет фабрикасы - көмірді арнайы жабдықтардың көмегімен брикеттеу жүргізілетін кәсіпорын;
4) брикеттеу - кейін қолдану кезінде шығынды азайту мақсатында байланыстырушы заттарды қосу немесе қоспау арқылы қоспаларды нығыздай отырып, қажетті мөлшердегі және қалыптағы брикет кесектерін алу;