ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ
АРАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ
(Анкара қ., 2022 жылғы 10 мамырда)
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 745 Қаулысымен бекітілді
2024 ж. 10 мамырда күшіне енді
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі:
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды нығайту мақсатында,
тең құқықтық пен өзара пайда қағидаттары негізінде білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
Осы Келісім Тараптары мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын негізге ала отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту Тараптар арасында достық қатынастар мен өзара түсіністікті орнату мен қолдауға ықпал ететінін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес теңдік және өзара құрмет қағидаттары негізінде Тараптар арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
2-бап
Тараптар мынадай салаларда қазіргі ынтымақтастықты көтермелейді және нығайтады:
1. Білім беру саласында тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын іске асыру, бірлескен жобаларды жүргізу, ақпарат және ғылыми жарияланымдармен алмасуды ынталандыру.
2. Оқытушылармен, сарапшылармен, педагогтермен, білім беру ұйымдарының басшыларымен және студенттермен алмасуды ынталандыру.
3. Білім беру саласындағы басшылар, педагогтер және қызметкерлер үшін біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру.
4. Оқу бағдарламалары мен материалдарын әзірлеуде және жетілдіруде тәжірибе алмасу.
5. Білім беруде жаңа технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмасу.
6. Білім беру жүйесін және өлшемдерін бағалауға қатысты өзара ақпарат және тәжірибе алмасу.
7. Өзара негізде білім алушылардың ғылыми және мәдени олимпиадаларға қатысуын көтермелеу.
8. Семинарлар, көрмелер, конференциялар, ғылыми зерттеулер сияқты іс-шараларға өзара қатысуды көтермелеу.