Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2024 жылғы 23 қаңтардағы
№ 60 бұйрығына
2-қосымша
«Сот экологиялық сараптамасы»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес «Сот экологиялық сараптамасы» кәсіптік стандарты әзірленді, ол сот экологиялық сараптамасын жүргізу жөніндегі сот сарапшысының біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындауға арналған және сот-сараптама қызметі саласында қолданылады.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) білім - кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
2) дағды - кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;
3) жазба - қол жеткізілген нәтижелер туралы мәліметтерді қамтитын құжат немесе жүзеге асырылған қызметтің расталуы верификацияның, ескертуші және түзетуші әрекеттердің жүргізілуінің куәлігін ұсыну және қадағалауын рәсімдеу үшін;
4) сот экологиялық сараптамасының міндеттері - теріс антропогендік әсердің көзі мен механизмін анықтау, уақыт пен кеңістікте қоршаған ортаға теріс антропогендік әсердің сипаттамасын айқындау, теріс антропогендік әсердің салдарын күшейтуге немесе әлсіретуге ықпал ететін шарттар мен жағдайларды анықтау, қоршаған ортаның компоненттеріне теріс антропогендік әсер ету мен өндірістік, коммуналдық және өзге де кәсіпорындардың қызметі арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау, теріс антропогендік әсердің ауқымын, қайтымдылығын (қайтымсыздығын) және өзге де салдарын айқындау, қоршаған орта объектілерін бастапқы жай-күйіне дейін қалпына келтіру мүмкіндігін айқындау және қажетті рекультивациялық және оңалту іс-шараларының тізбесін әзірлеу;