Сот шешiмi туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 ж. 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы
(2012.29.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2017 жылғы 31 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Сот актілерін шығаруды регламенттейтiн Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң (бұдан әрi - АIЖК-нiң) нормаларын дұрыс және бiртектi қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қаулы етедi:
1. Сот азаматтық iстер бойынша АIЖК-нiң 21-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес шешiмдер, ұйғарымдар, қаулылар және бұйрықтар нысанында сот актілерін қабылдайды.
Заңды күшiне енген сот шешiмдерi, ұйғарымдары, қаулылары, азаматтық істер бойынша бұйрықтары барлық мемлекеттік органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, қоғамдық бiрлестiктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшiн мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мүлтiксiз орындалуға тиiс.
Бiрiншi сатыдағы сот iстi мәнi бойынша қарағанда сот актiсi АIЖК-нiң 217-бабына сәйкес шешiм нысанында шығарылады.
Шешiмнiң құрылымы мен мазмұны туралы АIЖК-нiң 220, 221-баптарының талаптары iс жүргiзудiң барлық түрлерi (талап қою бойынша iс жүргiзу, ерекше талап қоюмен және ерекше iс жүргiзу) үшiн мiндеттi. Заңмен көзделген жағдайларда (әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларын даулау жөніндегі iстер бойынша, заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлердiң конкурстық өндiрiсi шеңберiнде қаралатын iстер бойынша) сот актілері соттың ұйғарымы нысанында қабылданады.
2. Сот бұйрығы даусыз талаптар бойынша шығарылады, олардың түбегейлi тiзбесi АIЖК-нiң 140-бабында көрсетiлген және оның мазмұны АIЖК-нiң 146-бабының талаптарына сай келуге, сондай-ақ борышкердiң мәлiмделген талапқа оның қарсылығын беру тәртібі мен мерзiмi туралы түсiндiрменi қамтуға тиiс.
3. Бiрiншi сатыдағы сот шешiмдi Қазақстан Республикасының атынан сот отырысында заңға және нақты дау бойынша сот анықтаған фактiлерге қатаң сәйкестiкте шығарады.