Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған
қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы
КЕЛІСІМ
(Мəскеу, 2023 жыл 31 шілде)
ҚР 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 142-VIII Заңымен ратификацияланды
2026 жылғы 1 маусымда күшіне енеді
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
ауыл шаруашылығы өнімдері нарығының жұмыс істеудегі ашықтығын қамтамасыз етуге деген ұмтылысты бөлісе отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалық куәліктерді пайдалану практикасын кеңейтуге және олардың тұрақты айналысын, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылардың қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүше мемлекеттердің мүдделі екеніне негізге ала отырып,
өзара құрмет, теңдік және ашықтық қағидаттарын сақтай отырып, төмендегі туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады;
«қоймалық куәлікті ұстаушы» - мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, қоймада сақталатын ауыл шаруашылығы өнімдеріне қоймалық куәлікте көрсетілген мөлшерде және сапада билік ету құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;
«кепіл ұстаушы» - ауыл шаруашылығы өнімдерінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындауды талап етуге құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;