«Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 100 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 7 сәуірдегі № 155 бірлескен бұйрығына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 14 мамырдағы № 158 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2025 жылғы 14 мамырдағы № 227 бірлескен бұйрығы
БҰЙЫРАМЫЗ:
1. «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 100 және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 7 сәуірдегі № 155 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35958 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізiлсiн:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малдың бұқашықтарын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 0102) әкетуге үш ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.».
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы бірлескен бұйрықтың 1-тармағын іске асыру бойынша шаралар қабылдау туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін.