Осы редакция 2025 жылғы 2 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2024 жылғы 17 қыркүйектегі
№ 754 қаулысымен
бекітілген
Кредиттер/қаржылық лизинг бойынша кепілдік беру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кредиттер/қаржылық лизинг бойынша кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі - Кепілдік беру қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 94-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді, кәсіпкерлердің кредиттері/қаржылық лизингі бойынша міндеттемелерінің орындалуын ішінара қамтамасыз ету бойынша кепілдік берудің шарттары мен тетігін айқындайды.
2. Кепілдік беру кәсіпкерлердің кредиттері/қаржылық лизингі бойынша, оның ішінде «жасыл» жобаларды іске асыру мақсатында жүзеге асырылады.
3. Осы Кепілдік беру қағидаларында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айналым қаражатын толықтыру - кәсіпкердің мәлімделген қызметімен байланысты әрі салықтық міндеттемелерді, зейнетақылық және әлеуметтік аударымдарды, кедендік төлемдерді/алымдарды/баждарды төлеуге арналмаған кәсіпкер кредитінің/қаржылық лизингінің нысаналы мақсаты;
2) ақпараттық жүйе - ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекетті іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып, ретке келтірілген жиынтығы;
3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда);
4) банк - осы Кепілдік беру қағидаларын іске асыру шеңберіндегі екінші деңгейдегі банк;
5) банктік кредит/қаржылық лизинг шарты (бұдан әрі - кредит/қаржылық лизинг шарты/қаржылық лизинг) - банк/лизинг компаниясы кредиттік шарт/қаржылық лизинг шарты негізінде мерзімділік, ақылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында кәсіпкерге беретін ақша сомасы. Банктік кредитке кредиттік желі де жатады.