Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі
арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы
келісім
(Мадрид, 2021 жылғы 5 шілдеде)
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 12 наурыздағы № 175 Қаулысымен бекітілді
2024 жылғы 5 сәуірде күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі
екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
1997 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
осы ынтымақтастықты дамыту үшін ұзақ мерзімді негіз құру қажет деп есептей отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар бейбіт мақсаттарда әрбір Тараптың мүмкіндіктері мен ресурстарына сәйкес тең және өзара бөлінетін салымдар мен пайдаларға негізделе отырып, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытатын болады.
2-бап
Тараптар екі ел арасындағы ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытатын болады:
1) бір Тарап ғалымдарының екінші Тарап өткізетін конференцияларға, симпозиумдарға, кездесулерге қатысуы;
2) екі Тарап үшін қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;
3) екі елдің университеттері, ғылыми-зерттеу ұйымдары, институттары мен ғалымдары арасында байланыстар мен қарым-қатынас орнату;
4) ғылыми және техникалық делегациялар, жекелеген ғалымдар және мамандар алмасу;
5) осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларға мемлекеттік және жеке сектордың ғалымдары мен зерттеу ұйымдарының қатысуы;
6) екі ел арасында ғылыми-техникалық ақпарат және құжаттама, бұйымдар мен материалдардың үлгілерін алмасу және технологиялар трансферті;
7) Тараптар мен олардың зерттеу ұйымдары арасындағы уағдаластық бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың кез келген басқа нысандары.
3-бап