«Техникалық реттеу саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы № 1199 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 826 бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 25 шілдедегі № 224-НҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2025 жылғы 25 шілдедегі № 70 бірлескен бұйрығы
БҰЙЫРАМЫЗ:
1. «Техникалық реттеу саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы № 1199 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 826 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12735 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) осы бірлескен бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес тауардың шығарылуы туралы сертификатты беруге уәкілетті ұйымға қатысты техникалық реттеу саласындағы тексеру парағы.»;
көрсетілген бірлескен бұйрыққа 1-қосымшада:
2-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«11) техникалық реттеу саласындағы бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) - тауардың шығарылуы туралы сертификатты беруге уәкілетті ұйым, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Мемлекеттік Елтаңбасын дайындаушылар, техникалық регламенттің күші қолданылатын сәйкестікті растау жөніндегі органдар, зертханалар мен өтініш берушілер, техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігіне өнімді өткізуді, айналымға шығаруды жүзеге асыратын оқу орталықтары, жеке кәсіпкерлік субъектілері, техникалық регламенттерде белгіленген;»;
6-тармақта:
екінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті орган (ұйымдар);»;
үшінші бөліктің 1) тармақшасы алып тасталсын;