Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім
(Ташкент, 20 наурыз 2006 жыл)
Осы редакция 2017 жылғы 23 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2006 ж. 8 желтоқсандағы № 195-III ҚР Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасында, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша транзитпен жүктердiң автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруды жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмдiлiк негiзiнде осы мәселелердi реттеуге ниет бiлдiре отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
I. ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ
1-бап
1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жүктердiң олардың аумақтары арқылы транзитпен халықаралық автомобиль тасымалдарына, Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген автокөлiк құралдары жүзеге асыратын үшiншi елдерден/елдерге тасымалдарға қолданылады.
2. Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
II. АНЫҚТАМАЛАР
2-бап
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн онда қолданылатын анықтамалар мыналарды бiлдiредi:
1. «Тасымалдаушы» терминi:
Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген, ұлттық заңнамаға сәйкес ақы үшiн немесе өз есебiнен жүктердiң халықаралық тасымалдарын жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.
2. «Автокөлiк құралы» терминi:
механикалық жетегi бар, жүк тасымалдауға арналған автокөлiк құралы немесе автопоезд тартқышы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тіркелген жағдайда тiркемелер мен жартылай тiркемелердi қоса алғанда, техникалық талаптарға сай қайта жасалған автокөлiк құралын бiлдiредi.