Осы редакция 2015 жылғы 17 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Әділет Министрінің м.а.
2010 жылғы 23 сәуірдегі
№ 136 бұйрығына
1-қосымша
Селекциялық жетістікке патент беруге өтінім беру және оны қарау жөніндегі
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және селекциялық жетістікке патент беруге өтінім беру және оны қарау тәртібін белгілейді (бұдан әрі - Ереже).
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) селекциялық жетістік авторы (селекционер) (бұдан әрі - автор) - сортты, тұқымды жасаған, ашқан немесе өсіріп шығарған жеке адам;
2) селекциялық жетістік - адамның шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын, патент берілген өсімдіктің жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы;
3) Мемлекеттік комиссиялар - Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы Республикалық мемлекеттік басқару органының Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткізу және сапасын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы;
4) өтінім - селекциялық жетістікке патент беруге өтінім;
5) конвенциялық өтінім - 1961 жылғы 2 желтоқсандағы Селекциялық жетістіктерді қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес берілген өтінім;
6) өтінім беруші - селекциялық жетістікке патент беруге өтінім жасаған жеке немесе заңды тұлға;
7) патент иеленуші - селекциялық жетістікке берілген патенттің иесі;
8) оригинатор - сортты (тұқымды) оның сақталуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;
9) Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсімдік сорттарының мемлекеттік тізілімі мен Қазақстан Республикасының патенттер берілген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттік тізілімі;
10) Уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті;