Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 3 Нормативтік қаулысы
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 9-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 34-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентіне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:
«20-1. Конституциялық іс жүргізу толық немесе ішінара электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін, бұл туралы қаулы шығарылады.
Мұндай формат кезінде Конституциялық Кеңестің және оның лауазымды адамдарының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың актілері мен әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделуі мүмкін. Бұл жағдайда ақпараттық технологиялар мен жүйелер қолданылып, электрондық іс қалыптастырылады.