ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ПАРЛАМЕНТІНІҢ МӘЖІЛІСІ
(Алтыншы сайланымның үшінші сессиясы)
Стенограмма
2018 жылғы 13 маусым
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ БАСЫЛЫМЫ
Астана 2018
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ
ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ
2018 жылғы 13 маусым
Отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.З. НЫҒМАТУЛИН жүргізді.
ТӨРАҒА. Қайырлы күн, құрметті әріптестер! Баршаңызды тіркеуден өтулеріңізді сұраймын. Прошу, уважаемые коллеги, пройти процедуру регистрации. Тіркеу режимі қосылсын.
Жұмысымызды бастау үшін қажетті кворум бар. Мәжілістің жалпы отырысын ашық деп жариялаймын.
Құрметті әріптестер, күн тәртібінің жобасы сіздерде бар. Сол бойынша сұрақтарыңыз бар ма?
ОРНЫНАН. Жоқ.
ТӨРАҒА. Онда күн тәртібі бойынша дауыс берулеріңізді сұраймын.
Нәтижесін экранға беріңіздер. Күн тәртібі бекітілді.
Енді, құрметті депутаттар, күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшеміз.
Бірінші мәселе - «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде. Бұл мәселе бойынша сөз Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы депутат Ерман Мұхтар Тілдәбекұлына беріледі.
ЕРМАН М.Т. Рақмет.
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы! Құрметті әріптестер! Осы келісім Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы өзара құқықтық негіз орнатуға және қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған.
Келісімде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының режимін орнату көзделген.
Комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.
Қолдауларыңызды сұраймын.
ТӨРАҒА. Рақмет.
Қандай пікірлеріңіз болады?
ОРНЫНАН. Қолдаймыз.
ТӨРАҒА. Қаулының жобасы сіздерде бар, сол бойынша дауыс берулеріңізді сұраймын.