Осы редакция 2019 жылғы 29 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің
2015 жылғы 5 қазандағы
№ 288 қаулысымен бекітілген
«Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті
1. Жалпы ережелер
1. «Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет «Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 сәуірдегі №18-03/390 «Жануарлар дүниесі саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарын бекіту туралы» (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылғы 28 шілдеде №11774 тіркелген) бұйрығымен бекітілген «Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі - Стандарт) негізінде көрсетіледі.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі;
2) www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.
3. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі - жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат (бұдан әрі - рұқсат) не Стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайлар және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап (бұдан әрі - бас тарту туралы дәлелді жауап).
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық.
Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті алушылар) ақылы немесе тегін негізде көрсетіледі.