Осы редакция 2015 жылғы 25 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 279 бұйрығына
17-қосымша
«Он сегіз жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты
1. Жалпы ережелер
1. «Он сегіз жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) әзірледі.
3. Мемлекеттік қызметті Астана және Алматы қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру:
1) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - ХҚО);
2) көрсетілетін қызметті беруші;
3) кент, ауыл, ауылдық округ әкімі (бұдан әрі - ауылдық округ әкімі) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:
1) ХҚО-ға, көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде - көрсетілетін қызметті беруші құжаттардың топтамасын тіркеген сәттен бастап - 7 (жеті) жұмыс күні;
ауылдық округ әкіміне құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап - 22 (жиырма екі) жұмыс күні;
ХҚО-ға жүгінген кезде қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді;
2) құжаттардың топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 30 минут;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 30 минут.
5. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: қағаз түрінде.