2-қосымша
Қазақстан республикасы
Білім және ғылым министрлігінiң
10.07.00 ж. № 708 бұйрығымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң 2005.10.03. № № 145 бұйрығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы жалпы білім беретiн мектептерiнiң
қызметiн ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелер
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережелер меншiк нысандары мен салалық бағыныстылығына қарамастан, барлық түрдегi жалпы білім беретiн мектептерi қызметiнiң тәртібін анықтайды.
2. Жалпы білім беретiн мектеп мектепалды даярлық, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi, жалпы орта білімнiң жалпы білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Жалпы білім беретiн мектеп үздiксiз білім беру жүйесiнiң негiзгi буыны болып табылады және Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының білім берудiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарты шегiнде орта білімдi тегiн алу құқығы мен мүмкiндiгiне мемлекеттік кепiлдiк бередi.
3. Жалпы білім беретiн мектептердiң қызметi білім берудiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарт аясында: тегiн білім беру, білім беру процесiнде: үздiксiздiк, меншiк түрлерiне қарай: мекемелердiң әр түрлiлiгi және қызмет бағытына қарай: демократиялық, ғылымилық және зиялылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Жалпы білім беретiн мектеп өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулылары мен қарарларын, Қазақстан Республикасындағы білім беру саласындағы орталық атқарушы орган мен білім берудi басқару органдарының шешiмдерiн және осы Ережелердi басшылыққа алады.
5. Жалпы білім беретiн мектептiң мақсаты - жалпы білім бағдарламаларындағы білім мазмұнының мiндеттi деңгейiн игерту негiзiнде оқушылардың жалпы ғылыми, жалпы мәдени дайындығын қалыптастыру, оқушыларды қоғамдық өмiрге әлеуметтiк жағынан бейiмдеу, кәсiптi еңбек түрiн саналы түрде таңдауға, меңгеруге негiз қалау, азаматтыққа, елжандылыққа, Отанын сүюге тәрбиелеу.