Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№ 32 бұйрыққа 3-қосымша
Осы редакция 2026 жылғы 12 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Заңды күшіне енген сот актілерінің, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, атқарушылық іс жүргізу бойынша сотта мемлекет мүдделерін білдірудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Заңды күшіне енген сот актілерінің, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, атқарушылық іс жүргізу бойынша сотта мемлекет мүдделерін білдірудің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі - Конституциялық заң) сәйкес әзірленді.
2. Мемлекет атынан азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тікелей де, әрі өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да жүзеге асырады.
3. Қадағалау міндеттері:
1) азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
2) сот төрелігін іске асыру қағидаттарын мүлтіксіз сақтау;
3) заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтау және жою;
4) заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.