«Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 165 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2026 жылғы 5 қазандағы № 365-н/қ бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 165 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2020 жылғы 29 сәуірде № 20520 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларында:
1 және 2-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
«1. Осы Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін (бұдан әрі - тізбе) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) инвестициялық жобаны орындаушы - Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген және мұнай-газ-химия өнімін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлға.
Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы инвестициялық жобаны орындаушы болып табылады;