Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы табыс пен капиталға қосарланған салық салуды
болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы
конвенция
(Осло қ., 2001 ж. 3 сәуiр)
2005 ж. 15 желтоқсандағы № 104-III ҚР Заңымен ратификацияланды
2006 жылғы 24 қаңтарда күшіне енді
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Норвегия Корольдiгінiң Үкіметі екi Мемлекет арасындағы экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға деген ниеттерiн растап және табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция жасасуды қалай отырып,
төмендегілер туралы келiсті:
I Тарау
Конвенцияның қолданылатын саласы
1-бап
Конвенция қолданылатын тұлғалар
Осы Конвенция Уағдаласушы Мемлекеттердiң біреуiнiң немесе екеуiнiң де резидентi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
Конвенция қолданылатын салықтар
1. Осы Конвенция, Уағдаласушы Мемлекеттің немесе оның аймақтық немесе жергілiктi өкiмет органдарының атынан алынатын табыс пен капиталға салынатын салықтарға оларды алу әдiсiне қарамастан қолданылады.
2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiкті иелiктен шығарудан алынған табыстарға салынатын салықтарды және кәсіпорындар төлейтiн еңбекақының немесе жалақының жалпы сомасына салынатын салықтарды, сондай-ақ капитал құнының өсуiнен алынатын салықтарды қоса, табыстың жалпы сомасынан, капиталдың жалпы сомасынан немесе табыстың немесе капиталдың жеке бөлiктерiнен алынатын салықтардың барлық түрi табыс пен капиталға салынатын салықтар деп есептеледi.
3. Осы Конвенция қолданылатын қазiргi салықтар атап айтқанда, мыналар болып табылады:
а) Қазақстан жағдайында:
(i) заңды және жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;
(іі) заңды және жеке тұлғалардың мүлкiне салынатын салық;
(бұдан әрi - «Қазақстан салығы» деп аталады);
b) Норвегия жағдайында:
(i) табысқа салынатын ұлттық салық;
(іі) табысқа салынатын аймақтық қалалық салық;
(ііi) табысқа салынатын қалалық салық;
(iv) Салықтық Теңестiру ұлттық Қорына жарналар;