«Қазақстан Республикасындағы
Конституциялық заңдылықтың
жай-күйі туралы»
конституциялық кеңесінің
ЖОЛДАУЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентіне елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдау жіберіліп отыр.
2005 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл толады. Бұл Конституцияның мемлекеттілік және кұқық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау саласындағы биік стандарттарға табыспен жылжудың игі бастамасы болғандығына көз жеткізу үшін әбден жеткілікті уақыт.
Конституциялық құрылыстың он жылдық тәжірибесінің кейбір қорытындыларын шығару қажеттілігін осылай түсіндіруге болады.
1. Конституциялық дамудың негізгі қорытындылары
Конституция еліміздің құқықтық жүйесінде басымды орын алады. Онда қоғамның, экономиканың, саясаттын, әлеуметтік саланың, мемлекеттің және құқықтың сипатын айқындайтын негізгі идеялар баянды етіледі және мемлекеттік реттеудің шектері мен сипаты белгіленеді. Конституция мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бастауларын, халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасын айқындайды.
Жаңа формациядағы құқықтық қағидалардың қайнар көзі ретінде Республика Конституциясы, президенттік басқару нысанын мемлекеттік механизмнің негізі етіп алды, сол арқылы қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық саласы үшін сапалы заңдық құрылғылар жасалуы мен қызмет істеуін заң шығару деңгейінде қамтамасыз етті. Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның мызғымастығының кепілі, барлық мемлекеттік институттардың бірлігі мен келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, мемлекеттік-құкықтық жүйені біріктіретін түпқазық болып табылады.