Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын
мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы
ҚР Үкіметінің 2006.30.11. № 1141 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
2007 жылғы 21 шілдедегі № 310-III ҚР Заңын қара
1-тарау.
Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басым мүдделер - осы Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және мемлекеттік тіркеусіз жарамды деп танылатын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқық ауыртпалығы);
2) бұрын туындаған құқық (құқық ауыртпалығы) - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер құқық туындаған сәтте қолданылған заңнамаға сәйкес келсе, жарамды жылжымайтын мүлікке құқық немесе құқық ауыртпалығы;
3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеусіз жарамды жылжымайтын мүлікке құқықтарды құқық ауыртпалығы) есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалығын), соның ішінде бұрын туындаған құқықтарды тіркеу;
4) жеке сервитут - олардың үстемдік ететін жылжымайтын мүлік объектісіне ие болуына байланысты емес белгілі бір адамның пайдасына сервитут;
5) жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, үйлер, ғимараттар және жермен берік байланысты өзге де мүлік, яғни көшірілуі мақсатына шектен тыс зиян келтіретін объектілер;
6) жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) - осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалығы) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдегі мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекет танитын және растайтын міндетті рәсім;