ҚР Қаржы министрлігі 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 468 бұйрығымен 2008 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Салық комитеті Төрағасының
2006 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 637 бұйрығымен бекітілген
Жеке табыс салығы бойынша декларация жасау ережесі
(210.00-нысан)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережелер “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленген және Салық кодексінің 6-бөліміне сәйкес төлем көзіне салық салынбайтын, кірістер, кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді мәлімдеуге, сондай-ақ меншік құқығындағы және салық салу объектісі болып табылатын мүлік туралы мәліметтерді беруге арналған Жеке табыс салығы бойынша декларацияны (бұдан әрі - Декларация) жасау тәртібін айқындайды. Декларацияны мынадай жеке тұлғалар береді:
1) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары;
2) судьялар;
3) Қазақстан Республикасының сайлау туралы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заң актілеріне сәйкес декларация беру бойынша міндет жүктелген тұлғалар.
2. Декларация Декларацияның өзінен (210.00-нысан) және жеке табыс салығы бойынша салық салумен байланысты объектілер мен салық салу объектілері туралы ақпарататты ашу бойынша оған қосымшалардан (210.01 - 210.03 нысандар) тұрады.
3. Декларацияны жасау кезінде:
1) қағаз тасығышта - қалам немесе қаламұшпен, қара немесе көк сиямен, баспа белгілерімен немесе баспа құрылғысын пайдалана отырып толтырылады;
2) электрондық тасығышта - Салық кодексінің 69-бабының 1-тармағына сәйкес толтырылады.
4. Декларацияны толтыру кезінде түзетуге, өшіруге және тазартуға жол берілмейді.
5. Көрсеткіштер болмаған кезде тиісті торкөздер толтырылмайды.
6. Қосымшаларда көрсетуге жататын деректер жоқ болған жағдайда аталған қосымшалар берілмейді.
7. Декларацияға қосымшаның парағында бар жолдардағы көрсеткіштер санының асуы жағдайында, қосымшаның осындай парағы толтырылады.