Қосалқы бухгалтерлік есепті және Қазақстан Республикасының қаржы нарығының жекелеген субъектілерінің автоматтандырылған ақпарат жүйесіне ендірілген Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 20 шілдедегі № 80 Қаулысы
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 272 Қаулысымен 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылды
Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жекелеген субъектілері үшін бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыруға қойылатын талаптарды белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, арнайы қаржы компаниялары және ипотекалық ұйымдар (бұдан әрі - ұйымдар) мынадай талаптарды орындасын:
1) мынадай талаптар сақталған кезде жүргізілетін барлық операциялар бойынша қосалқы бухгалтерлік есепті жүргізуді қамтамасыз етсін:
жүргізілетін барлық операцияларды бухгалтерлік есепте көрсетудің тәртібін реттейтін бекітілген ішкі құжаттардың болуы;
клиенттермен жұмысты жүзеге асыру үшін, жүргізілген операцияларды алынған бастапқы құжаттар негізінде қосалқы бухгалтерлік есепте тіркеу үшін жауапты ұйымдардың тиісті бөлімшелерінің жұмыс тәртібін реттейтін бекітілген ішкі құжаттардың болуы;
жүргізілетін барлық операциялар бойынша, оның ішінде есеп айырысу кассалық операциялары, кірістер мен шығыстар, кадрлар және жалақы, негізгі құрал-жабдықтар, тауар-материалдық құндылықтар (қорлар), бағалы қағаздар, салымдар, дебиторлық және кредиторлық берешектер, бюджет және бюджеттік бақылау бойынша, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлері, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет және Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жекелеген субъектілерінің басқа қызметі бойынша қосалқы модульдердің болуы;